28.04.2017 11:30 |
![]() |
БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
2017 жылғы 28 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты
депутаттарының кезекті сайлауы болады
2017 жылғы 28 сәуірде «2017 жылғы 28 маусымға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланды.
Сол күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оның шеңберінде Ортсайлауком Төрағасы мен мүшелері алдағы сайлау науқанын өткізуге Комиссияның дайындық жұмысы туралы айтып берді.
Өзінің сөйлеген сөзінде Б. Имашев ағымдағы жылдың 31 тамызында 2011 жылғы 19 тамызда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімінің аяқталатынын атап өтті. Осылайша 28 маусымда республиканың 16 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайланбақ.
Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарын сайлауда дауыс беруге тек таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді.
Осылайша, өз кезегінде азаматтардың тікелей сайлау кезінде сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды және олар Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.
Қазақстан Республикасында облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутаты бар, Сенат депутаттарын сайлау олардың таңдауына байланысты болады.
Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс стажы бес жылдан кем емес, сондай-ақ еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және өзі дауысқа түсетін өңір аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады.
Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі бар.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдар санын жинау арқылы куәландырылады.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарын сайлау балама негізде өтеді.
Орталық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарын сайлауды әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы Ортсайлауком хатшысы Б.С. Мелдешов сөз сөйледі.
Аталған жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 28 мамырға дейін, кандидаттарды тіркеу 7 маусымға дейін жүреді, ал сайлау алдындағы үгіт 8 маусымда басталып, 26 маусым күнгі 24.00 сағатқа дейін жүргізіледі.
Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде – 28 маусымда жүргізеді.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидатқа сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.
Сыртқы істер министрлігі Ортсайлаукоммен бірлесіп халықаралық байқау институтын ашады.
Халықаралық байқаушыларды, шетелдік БАҚ өкілдерін шақыру және аккредиттеу мәселесі бойынша ҚР ОСК мүшесі М.А. Сарсембаев сөйледі. Өзінің сөйлеген сөзінде ол 2014 жылы Сенат сайлауына ҚР ОСК 166 халықаралық байқаушыны, ҚР СІМ – шетелдік БАҚ-тардың 110 өкілін аккредиттеді, бұл сайлауға да байқаушылардың шамамен осы саны күтілуде деп атап өтті.
Ортсайлауком Парламент Сенаты депутаттарын сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жалпы басшылық етеді. Сенатқа сайлауды өткізуді облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тікелей қамтамасыз етеді.
Отырыс барысында Ортсайлауком Басшысы қазіргі уақытта Ортсайлауком мен жұмылдырылған сайлау органдары транспарентті сайлау науқанын өткізуге қажетті ұйымдастырушылық, ақпараттық, техникалық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етіледі деп атап өтті.