09.03.2016 16:23 |
![]() |
9 наурызда Орталық сайлау комиссиясында шетелдегі сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі брифинг болды
9 наурызда Орталық сайлау комиссиясында шетелдегі сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөніндегі брифинг болды.
ҚР ОСК Төрағасының орынбасары В. Фоос БАҚ өкілдерін 2016 жылғы 20 наурызда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депуттарын сайлауда дауыс беру жалпы алғанда 9 840 сайлау учаскесінде өтетіндігі туралы ақпараттандырды.
Дауыс беру күні Қазақстаннан тыс жерде болатын азаматтар сондай-ақ өздерінің сайлауға қатысу құқығын іске асыра алады.
Ол үшін шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында Сыртқы істер министрлігінің аумағындағы сайлау округіне қатысты сайлау учаскелері құрылады.
Сайлау заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанындағы сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізімдеріне тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген және Республика азаматының төлқұжаты бар барлық азаматтар енгізіледі.
Сонымен қатар, еліміздің шет мемлекеттерде жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарларда жүрген азаматтары, олар учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген және Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты болған жағдайда, сондай-ақ сайлаушылар тізімдеріне енгізіледі.
2016 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша түрлі шет мемлекеттердегі консулдық есепке Қазақстан Республикасының 14 мыңнан астам азаматы қойылған.
Ортсайлауком Басшысының орынбасары «51 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында 65 сайлау учаскесі құрылды, 25 учаске Азия елдерінде, 4 – Оңтүстік және Солтүстік Америкада, 1 – Африкада, 20 – Еуропада, 15 – ТМД-да» екенін атап өтті.
Шетелдік учаскелерде Қазақстан Республикасының азаматтары партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда ғана дауыс бере алады.