26.02.2016 18:00 |
![]() |
2016 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қ.Т. Тұрғанқұлов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясы Штабының Басшысы Е.А. Слободамен кездесті
2016 жылғы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қ.Т. Тұрғанқұловтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясы Штабының Басшысы Е.А. Слободамен кездесуі болды.
Сондай-ақ кездесуге Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясы Штабының мүшесі Е.В. Козяк қатысты.
Ортсайлауком Басшысы мен мүшелері ТМД-дан байқаушылар Миссиясы Штабының Басшысын 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқанының барысы туралы, сондай-ақ сайлау органдарының жұмысы мен міндеттері туралы ақпараттандырды.
Слобода мырза сайлау науқанының барысына толық шолу үшін алғысын білдіріп, өз тарапынан ТМД құрылымдарынан қысқа мерзімді, сондай-ақ ұзақ мерзімді байқаушылар әділдік және араласпаушылық қағидаттарын ұстанатынын атап өтті.
«Миссия байқаумен барлық өңірлерді, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларын қамтуды жоспарлайды. Қазіргі уақытта Штабты қалыптастыру аяқталуда. Жалпы алғанда Миссияда 300-ден астам байқаушы болады.
Біз Қазақстанда электораттық науқанға бірінші рет мониторинг жүргізіп отырған жоқпыз. Әдеттегідей, бізде сайлау органдарымен және сайлау процесіне барлық қатысушылармен жақсы іскерлік қарым-қатынас орнайды. Штабтың және жалпы Миссияның жұмысы үшін барлық қажетті ақпарат толық көлемде ұсынылады, сонымен қатар ҚР ОСК-ның ресми интернет-ресурсында орналастырылады. Бұл – сайлауды демократиялы, транспарентті және ұлттық сайлау заңнамасына толығымен сәйкес ұйымдастырып, өткізуге деген ұмтылысты көрсетеді» - деп атап өтті ТМД-дан байқаушылар Миссиясы Штабының Басшысы.
Кездесу соңында Қ. Тұрғанқұлов Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушылар Миссиясына табысты жұмыс тіледі.