| 20.01.2023 |
|
ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы туралы
2023 жылдың 20 қаңтарында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау бойынша басталған сайлау науқаны аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бірінші отырысы өткен. Отырысқа саяси партиялардың, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, БКБ режимінде – облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыс республикалық «Хабар», «Хабар 24», «Atameken business» телеарналарының тікелей эфирінде, сондай-ақ сурдоаудармамен тікелей трансляцияны қамтамасыз етіп өткен.
Отырыста мынадай мәселелер қаралды:
1. «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы»;
2. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларын бекіту туралы»;
3. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы»;
4. «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауда шет елдер, халықаралық ұйымдар байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы».
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров отырысты ашып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына сәйкес ел Президенті Қазақстан халқына 2022 жылдың қыркүйегінде арнаған Жолдауында белгілеген сайлау науқандарының кестесіне сәйкес Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталғанын хабарлады.
«2022 жылғы қарашада Президент сайлауын дәйекті өткізу, барлық деңгейдегі өкілді органдарға депутаттарды сайлау 2022 жылғы маусымда өткен референдумда азаматтардың көпшілігі қолдаған ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іс жүзінде іске асырудың жалғасы болып табылады. Бүкіл сайлауды өткізу біздің саяси жүйемізді түбегейлі қайта жаңғырту қажеттілігіне байланысты және конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді.
Қазірдің өзінде осы түзетулердің көпшілігі қолданысқа енгізілген.
Мәселен, Республика Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау, сондай-ақ аралас сайлау жүйесіне көшу жөніндегі нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Аралас сайлау жүйесі аясында барлық деңгейдегі өкілді органдарға бірмандаттық округтер бойынша сайлау елдегі саяси мәдениетті арттырудың маңызды факторына және жергілікті жерлерде азаматтардың мүдделерін тікелей білдірудің пәрменді құралына айналады.
Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі сайлау заңнамасының жаңа нормалары Орталық сайлау комиссиясының ертеңге жоспарланған екінші отырысы барысында толық қаралатын болады.
Осылайша, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлау жөніндегі сайлау науқаны жаңа сайлау ережелері мен нормалары бойынша өтетін болады».
«Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауды тағайындау туралы» бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина баяндама жасайды.
Оның айтуынша, «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы № 105 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдау тапсырылды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына сәйкес өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Президент Жарлығының негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
Осыған орай мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындау ұсынылды. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды өткізудің дәл осындай мерзімдерін орнату арқылы кандидаттарды ұсыну, тіркеу, үгіт-насихат секілді сайлау науқанын өткізудің кейбір кезеңдерін бірдейлендіруге және бюджет шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді. Осы мәселе бойынша ОСК тиісті қаулы қабылдады.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларын бекіту туралы» екінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.
Ол хабарлағандай, қолданыстағы заңнаманың нормалары негізінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары әзірленді.
Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: 69 депутат – біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, 29 депутат – бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарына барлық депутаттардың 50% мажоритарлық жүйе бойынша, 50 % - партиялық тізімдер бойынша сайланады.
Аудандар мен қалалардың мәслихаттары толықтай мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады.
Тұтастай алғанда, алдағы сайлауда 223 мәслихаттың 3415 депутаты сайлануы тиіс.
Сонымен бірге Константин Петров сайлаудың ең басты талаптарына және сайлау дайындығы мен өткізу кезеңдеріне де тоқталып өтті.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып Қазақстан Республикасының 25 жасқа толған және соңғы он жыл бойы оның аумағында тұратын азаматы бола алады.
Мәслихат депутаттығына кандидат болып 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы болуы мүмкін.
Мынадай адамдар Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттығына кандидат бола алмайды:
1) сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
2) сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам.
Парламент Мәжілісінің депутаттығына:
1) партиялық тізімдер бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы – саяси партияларға;
2) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ егер жарғыда тиісті өкілеттік көзделген болса, олардың құрылымдық бөлімшелеріне (филиалдары мен өкілдіктеріне) және өзін-өзі ұсыну арқылы азаматтарға тиесілі.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлауды тағайындау туралы Жарлық жарияланған күні басталып сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады – 20 қаңтардан 8 ақпанға дейін (20 күн).
Тіркеуді өткізу мерзімдері – 20 қаңтардан 18 ақпанға дейін.
Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады – 18 ақпанның сағат 18.00-ден 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін.
Егер басқа дауыс беру уақыты белгіленбесе, дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.
Егер дауыс беруді аяқтаудың басқа мерзімі белгіленбесе, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақытпен сағат 20.00-де дауыстарды санап бастайды және сайлау учаскесінде дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы жасайды.
Осылайша, сайлау тағайындалған күннен бастап дауыс беру күніне дейін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының жалпы ұзақтығы 59 күн құрайды. Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының екі қаулысы қабылданды.
Отырыстың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы» үшінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясы аппаратының сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қозыбаева баяндама жасады.
Ол хабарлағандай, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау және мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді.
Орталық сайлау комиссиясының аппараты екі сайлау науқаны бойынша 53 сайлау құжатының нысанын әзірледі: Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне және мәслихаттарына.
Оның ішінде, саяси партиялар бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлауға тікелей 12 нысан, бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша – 11 нысан.
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөнінде – сайлау құжаттарының 21 нысаны.
Сайлау құжаттарының 9 нысаны бірмезгілде екі науқанға да қатысты – Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауы бойынша.
Ұсынылып отырған сайлау құжаттарының нысандары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес науқанның нақты кезеңдерінде сайлау комиссияларының сайлау рәсімдерін ресімдеуге арналған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген өзгерістерді ескере отырып, бірқатар нысандар алғашқы рет бекітіледі. Ең алдымен, бұл саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдар мен өкілдіктердің) бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидаттарды, сондай-ақ азаматтардың өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынуымен байланысты.
Сондай-ақ бұл конституциялық заңдағы партиялық тізімде әйелдер, жастар, мүгедектігі бар адамдар секілді үш санатының міндетті болуы туралы жаңа нормамен байланысты, жалпы алғанда, ол тізімге енгізілген барлық адамдардың жалпы санынан кемінде отыз пайыз құрауға тиіс.
Отырыстың «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын кезектен тыс сайлауда шет елдер, халықаралық ұйымдар байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы» соңғы мәселесі бойынша баяндамамен Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман шықты.
Өз сөзінде М. Ерман Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың қатысушысы ретінде халықаралық байқау институтын ашу бойынша өз міндеттемелерін үнемі орындайтынын баяндады.
Қазақстанда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясы төрағасының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша сайлауды байқауға қатыса алады.
Отырыс барысында сайлау туралы конституциялық заңға сәйкес тиісті байқау тәртібін көздейтін Орталық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданды.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша ОСК жанында аккредиттеледі.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде ғана сайлауды байқауды жүзеге асыра алады.
Сонымен қатар сайлау туралы Конституциялық заң шетелдік байқаушыларды аудармашымен сүйемелдеу мүмкіндігін қарастырады.
Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күнінен бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады, яғни, 2023 жылдың 13 наурызында сағат 18.00-де.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына «аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыруда. Бұл сайлау тәжірибесінің сапасына әсер етуі керек» деп ерекше атап өтті.
Сайлауды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қойылатын негізгі талап – заңдылықты қатаң сақтау.
Орталық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың заңдылығын, ашықтығы мен әділдігін қатаң бақылауды жүзеге асыратын болады».
Отырыс қорытындысы бойынша кеңейтілген брифинг өтті.













