image 9

2019 жылғы 6 қыркүйектен 8 қыркүйекке дейін Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының шақыруымен ҚР ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров бастаған қазақстандық делегация Сайлаумен таныстыру бағдарламасына қатысты. Бұл іс-шара «Сайлау процестерін цифрландыру. Гуманитарлық өлшем» тақырыбында РФ ОСК Мәскеу Үкіметімен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өтті.

Халықаралық конференция жұмысына 35 мемлекеттің сайлау органдарының және 7 халықаралық ұйымның - БҰҰ, ШЫҰ, ТМД ПАА, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ЕЕСҰҚ және т.б. өкілдері, сондай-ақ сайлау процесі саласындағы сарапшылар қатысты.

2019 жылғы 6 қыркүйекте Халықаралық конференцияның салтанаты ашылуы өтті, оның барысында РФ ОСК Төрайымы Е. Памфилова, Мәскеу мэрі С. Собянин, сондай-ақ Ресей Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары С. Кириенко сөз сөйледі.

Халықаралық конференция аясында РФ ОСК жүзеге асыратын инновациялық жобалардың тұсаукесері өтті, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыру және өткізу саласындағы пікірлер мен тәжірибе алмасу болды. Атап айтқанда, Халықаралық конференцияға қатысушылар сайлау процестеріне қатысатын озық бағдарламалық қамтылыммен, бюллетеньдерді машиналық өңдеу технологияларымен, сондай-ақ онлайн режимінде сайлаудың қоғамдық мониторингін ұйымдастыруға арналған жабдықтармен танысты.

2019 жылғы 7 қыркүйекте ҚР ОСК өкілдері Халықаралық конференцияның басқа қатысушыларымен бірге Мәскеу қаласының «Басқарудың жаңа технологиялары» мемлекеттік қазынашылық мекемесіне танысу сапарымен барды.

Сонымен қатар 2019 жылғы 7 қыркүйекте Константин Петров Азия сайлау органдары қауымдастығының (АСОҚ) Атқарушы комитетінің отырысына қатысты.

Отырыста АСОҚ тіркеу, Филиппин Республикасы сайлау жөніндегі комиссиясының АСОҚ-та төрағалық етуін 2020 жылға дейін ұзарту, сондай-ақ келесі АСОҚ Бас Ассамблеясының өтетін орны туралы мәселелер қаралды.

2019 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ОСК делегациясы Мәскеу қалалық Думасының VII шақырылым депутаттары сайлауын бақылау және қадағалау жөніндегі қоғамдық штабқа барып, онда штабтың қызметімен, ұйымдастырушылық құрылымымен, сондай-ақ байқау процесінің барысы мен байқаушылардың жұмысымен танысты.

Штабтағы бейнекөрсетілім арқылы Мәскеудегі барлық сайлау учаскелерін қашықтықтан байқау жүргізілгенін атап өткен жөн.

Сол күні ҚР ОСК өкілдері Бірыңғай дауыс беру күнінің барысы туралы, РФ ОСК «Выборы» байланыс каналдары арқылы алған учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде алдын ала дауыс беру нәтижелері туралы уақтылы хабарлаудың режимінде жұмыс істеген РФ ОСК Ақпарат орталығында болды.

Іссапар барысында ҚР ОСК делегациясы Мәскеу қалалық Думасының VII шақырылым депутаттарын сайлауға қатысты басқа іс-шаралармен, сондай-ақ тәжірибелік электрондық дауыс берумен байланысты мәселелермен танысты.

image 9


image 9